31.08.2023
  137


Автор: Шөмішбай Сариев

Оралмас студенттік балшақтарым

Оралмас студенттік балшақтарым,
Отырам-ау мен ертең аңсап бәрін.
Көрсем де қуаныштың шұғыласын.
Білмедім көзімнен жас қанша аққанын.
Бес рет бүршік жарды мына шыбық,
Көктеммен арманымның гүлі ашылып.
Бара жатты жастық шақ айдыны ұшан
Білімнің теңізіне құлаш ұрып.
Уақыт бір-бір ұшып көздерімде,
Сан рет самғап ұштым өз көгімде.
Қоштасып қалып жатты қайран менің
Қыздарға ғашық болған кездерім де.
Сезімнің тамшысы боп дір-дір еткен,
Албырт кез бал бұлақтай жылжып өткен.
Ғалым, ұстаз білімін қастерледім,
Қызды да сүйе білдім бұл жүрекпен.
Тағдырыңды өмірлік қоспасаң да,
Ыстық боп көрінеді дос қашан да.
Достарыммен табысқан жатақханам,
Шынымен мен сенімен қоштасам ба?
Студенттік өмірім – шырын бе едің?
Тәттіліктен сен бәлкім білінбедің.
Менен де бақыттырақ көрінеді
Оқуға биыл түскен інім менің!





Пікір жазу