31.08.2023
90
Перзент үні
Халқым бұл, топырағым өсіп өнген,
Өзімен ұлы өмірдің кешіне енгем.
Қалайша қайран тілін ұмытайын
Ақ сүтті жан анамның төсін емген.
Қан да бар жүрегімде қаным десем,
Жыр оянып кетеді жанымда әсем.
Ұлан байтақ көсілген
Уа халқым,
Аруағым,
Намысым,
Арым да сен!
Ұққан сайын пірім деп
Өзіңді асқан,
Көкірегімде күй кернеп,
сезім тасқан.
Мен қуанам –
Жүзіңде күлкі ойнаса,
Сен жыласаң –
Құрғамас көзім жастан,
Талай ұрпақ таң болып атыпты мың,
Орнатып жүрегіне –
жақұтты күн...
Теңізіңе қосылған көз жасындай,
Бір тамшыңа айналсам
бақыттымын!