31.08.2023
  87


Автор: Шөмішбай Сариев

Қуаныш па кеудесі, мұңды ма еді?

Қуаныш па кеудесі, мұңды ма еді?
Жасамыс жүрегіне сыр бүгеді.
Ақсақалға жыр етіп жастық шағын,
Көк теңіз толқын атып дүрлігеді.
Жел жұлқып оятқандай тынық көкті,
Көк пішен сабалайды ұрып бетті.
...Қыз бен жігіт қайықпен ұзай беріп,
Қалың қопа ішіне кіріп кетті.
Қайықты толқын тербеп бесік етіп...
Жанарлар көкіректі тесіпөті.
Ыстық құшақ қарысып жігіт енді,
Аймалап жатты қызды есі кетіп.
Іліп кетті ескекті иректі ағыс,
Үркіп ұшты аулаққа үйрек те алыс.
Кіндігінен теңізді кешіп тұрып,
Махаббатты шырқады билеп қамыс.
Бұлтқа кіріп ұялшақ ай тұр еді,
Есінде жоқ сол бір шаққай түн еді.
Әйтеуір ол екеуі жағалауға,
Қос ескек сияқтанып қайтып еді.
Сезімнің тербегендей ағыны әлі,
Махаббаты алдында табынады.
Теңізге қарап мүлгіп қарт балықшы,
Бұл күнде сол кездерін сағынады.
Аяп мені
отырғанда сарсылып,
Жан анамның жанарына келген мұң.
Өз өлеңім қуантпас деп арсынып,
Бір ақыннан –
өлең оқып бергенмін.
Жарқын жүзі бал-бұл жайнап кетті ерек,
Жаңа туған өлеңім деп толғағам.
Отырмайды екен ұлым текке деп,
Қуанатын бақытты боп сонда анам.
Өз бұлағым аршылар деп жұбантқам,
Ғасырымның бола алсам деп баласы...
Өзгенің де аналарын қуантқан,
Сол ақынмен бақытты екен анасы.

І
Өмір деген дарияның ағыны ем,
Жағалауым жайқалатын ойлы егін...
Махаббатым, сағандағы тағы мен,
Сол бір ақын жүрегімен сөйледім.
Құйылып-ақ тұрғасын ба бір «ақын»,
Мені өзіне асықтырған нұр өңі.
Бал-бұл жайнап,
бақытты боп тұратын
Ақынды да ғашық қылған жүрегі.
Тартынбашы сол көңілмен таси бер,
Сені, сәулем, жақұтты етем асылы,
Өзгенің де сүйген жары бас иген,
Сол ақынмен бақытты екен ғашығы.

II
Қия шыңға тартты бастап жол енді,
Бұлбұл сезім тілдесердей мың құспен.
Әлі ешкімге оқылмаған өлеңді,
Бір жүрекке оқып тұрдым тұңғыш мен.
Көңілімді кезіп жүрген нұрлы елес,
Еркін билеп тұрғасын ба бойды екпін,
Сонда, досым, мен өзіңе жырды емес,
Ыстық қанды жүрегімді сөйлеттім.
Бәрі үміт боп алданышты кезімнің,
Балапан жыр қанаттанып жылы үнмен
Мен өзімді бақыттырақ сезіндім,
Бір жүректі қуантқанда жырыммен!

ІІІ
Бұлақ көзін аршимын деп бір қазып,
Осал тимей жүрді дейсің қай күнәм.
Анам үшін,
гүлім үшін жыр жазып,
Ақындыққа мен ұмтылдым қайғыдан.
Таси-таси кең арнаға толсам деп,
Көңілімді дарияларға кұлаттым.
Мен біреуге арман толқын болсам деп,
Телміремін ағысына бұлақтың
Қырандардай келеді бір самғағым,
Тыңда мені, болашағым, ғасырым:
Бір қуанту, бір қуанту арманым,
Мен біреудің анасы мен ғашығын!





Пікір жазу