31.08.2023
148
Вальс үні – таңғы арай
Вальс үні – таңғы арай,
Қызғалдақтар билеп жатыр көңілдерге күй еніп,
Сезбедіңдер, мұңаймаған жандар-ай,
Ол тұрғанын балдағына сүйеніп,
Бұрқыратты көк шылым,
Ой теңізге сүңгітті ме бойдақтық?
Қондырдық па жарасына көк шыбын,
Әлде мұнын ойнаттық?
Жүріп өткен күндерде,
Жатыр әні бір аяқ пен бір балдақтан із қалып.
Жігіттермен билеп жүрген гүлдерге
Ол тұр қарап қызғанып.
Жо-жоқ, досым, аяқты
Қызғанған жоқ, көпсінген жоқ біздерден.
Тек ол өзін мүсіркепті, аяпты
Көңіліне күз келген.
Балдақ оның қолында,
Мейлі, биден жақсы ат алмай өледі.
Ал тағдыры ұлы арманның жолында
Ақсата алмай келеді.