31.08.2023
  72


Автор: Шөмішбай Сариев

Адамдар мәңгі-бақи тұрмасы анық

Адамдар мәңгі-бақи тұрмасы анық,
Тірлікте,
Уа, досым, сырласалық,
Мен жайлы, өзің жайлы білемісің?
Сен-дағы бір ғашықтың жүрегісің,
Бар қуаныш, білмеймін, бар ма мұңым,
Мен, бәлкім, біреулердің арманымен.
Адамдар мәңгі-бақи тұрмасы анық,
Тірлікте,
Уа, досым, сырласалық...
Көңілден көңілдерге тамшы барсын,
Сен мүмкін қайғылы бір жан шығарсың.
Кезіп кетіп ойлардың дәліздерін,
Онда, дос, сырласатын жан іздедің.
Қолың жеткен өмірдің тұтқасына,
Әлде қонған доспысың құт басыңа?
Онда да ой толқынын тасытқансың,
Бар сырды айтуға, дос, асыққансың.
Адамдар мәңгі-бақи тұрмасы анық,
Тірлікте,
Уа, достым, сырласалық...
Бұл кеудем қуаныш па, мұң ба менің?
Домбыра — жүрегімді тыңда менің.
Мұңдылар бақыт жолын іздесін деп,
Күлкісін бақыттылар үзбесін деп,
Мен басып арман таудың гүл етегін,
Жанымның құпиясын сыр етемін.
Уа, досым, сырласалық,
танысалық,
Білемісің, екеумізді өмір атты –
Барады ұлы өзеннің ағысы алып.
Содан ба:
Мен өзіңе асығам сырлас үндей,
Тұрғанда тамшы өмірім құмға сіңбей...
Япыр-ау,
қарлы қыс пен күзді өткеріп,
Көктем де оралған-ды іздеп келіп,
Тағы да бір жазымыз өткені ме?
Құстар кетіп барады тізбектеліп:
Қонып-ұшып көгілдір айдындарда
Қанатыңды кеңірек жайдыңдар ма?
Қатыгездік біздерде жоқ еді ғой,
Қайтқан құстар, айтыңдар, қайғың бар ма?
Көсем қаз, жолды бастап түстің бе алға,
Бейбіт ел берекесін құштыңдар ма?
Жазылмаған жұптарың түгел ме еді,
Ұяларың бұзылмай ұштыңдар ма?
Көмейлерден күміс ән төккізіңдер,
Көк жүзінде бақытты өткізіңдер.
Қанаттар талып-талып қонған жерге
Байтақ қазақ сәлемін жеткізіңдер.
Жеткізіңдер елімнің тыныштығын,
Қонып алған далама ырысты күн...
Қазақ деген, білдің бе, шуақ күннің
Жүрегіне жинап ап тұр ыстығын.
Табиғаттың білемін жар саларын,
Аман-сау оралыңдар баршаларың,..
Жеңгелерім қыңкылдап жүрген еді, .
Екеу болып көктемде қарсы алармын.





Пікір жазу