31.08.2023
  74


Автор: Шөмішбай Сариев

Сезбейтін-ді жан адам

Сезбейтін-ді жан адам,
Тұратын-ды терезелер сырласып,
Қарсы үйдегі сұлу қыз бен жан ағам,
Қарасатын ұрласып.
Тасып хаттың бар жасын
Екі араға қатынайтын кемемін.
Жалақысыз еңбек еткен екеуге,
Почтальоны мен едім.
Ат қып мініп қамысты,
Сыр тасимын әдетіммен күндегі.
Екі үйдегі қос махаббат оянып,
Мен арқылы гүлдеді.
Жеңгелі боп тұңғыш мен,
Жаңа есім «шырақ» деген атты алдым.
Өтеу үшін келдім дейді парызын
Сен тасыған хаттардың.
Жеңешемнің әзілін
Көңіліме ұялайтын сыр білдім,
Бұлақ үнді мөлдіреген наз үнін
Жүрегіме тұндырдым.
Жігіттерден жаситын,
Кешегі қыз сылаң қаққан бұрымды,
Менің енді хаттарымды таситын
Дүниеге алып келді бір ұлды!





Пікір жазу