31.08.2023
  89


Автор: Шөмішбай Сариев

Сәлем

актер Әнуар Боранбаевқа

Әрбір күнім басталады сәлеммен –
Таңда тұрып саулық сұрар бар елден.
Дүниеге нәресте үні – іңгәлап,
Амандасар ең әуелі Әлеммен!
Сәлемімен нұр жаудырған жыршы бұлт,
Жапыраққа сәлем берген бүр шығып.
Жерді тіреп аяғымен тік тұрар,
«Ассалаума-әлейкумнен» тіршілік!
Келе жатам кейде аңызақ шөлменен,
Сәлем беру бір парызым елге мен.
Адамдармен аз ғұмырда үлгіріп,
Амандасып қалу үшін келген ем!
Саулығымды тілеп жүрер ішінен,
Иман жүзі шырай беріп түсінен.
Бұл өмірде бір жақсылық күтемін,
Сәлемімді түзу алған кісіден.
Сенсе қазақ сәлеміңе сенеді,
Сәлем менің қолтығымнан демеді.
«Ассалаума-әлейкум» деп басты иіп,
Алатаудың қолын алғым келеді!
Амандасам мәңгі көктер шыршамен,
Бір сәлемге сияр емес мұнша әлем.
Ал, әзірге қолдан келер осы деп,
Ел-халқыма беріп тұрмын бір сәлем!
Адам үшін арман жолда аз ба сын?
Түтін түтеп, ошақ оты маздасын.
Үлкендері қазағымның аман боп,
Жасы кіші – сәлемінен жазбасын!
Мен – қазақтың перзентімін бағы бар,
Сенсің жұртым – тәңірімдей табынар,
Аз тірлікте амандасып қалайын,
Сәлемімді, уа, халқым, қабыл ал!





Пікір жазу