31.08.2023
  85


Автор: Шөмішбай Сариев

Күзде құстар тастап ұшар ұясын...

Кезем десең дүние неткен кең еді,
Теңіздерден көрем жүзген кемені.
Тұрақтамай көкте бұлттар жөңкілген,
Тұрақтамай жел де сапар шегеді.
Кеудеңе осы қалай, қайтіп сиясың?
Күзде құстар тастап ұшар ұясын;
Таулар ғана туған жерге тұрақты,
Қыран ғана қия алмайды қиясын.
Топырақтан тартып жатқан қуатты,
Еңсесімен күннен тартып шуақты,
Тамыр жайған жерде өлетін тік тұрып,
Туған жерде талдар ғана тұрақты.
Ата мекен ай мен күнін айналған,
Қасиетті – жиған дала қайнардан.
Тал мен Таудай Қазақ біздің тұрақты –
Туған жерге кіндік жіппен байланған...





Пікір жазу