Теңіз
Тартылды теңіз тартылды,
Біртіндеп суы сарқылды.
Шағала қойды шаңқылды,
Қаздары қойды қаңқылды.
Аралдың туған баласы ем,
Ойға да кеттім әртүрлі.
Тартылды теңіз су қашып,
Жайыны жатты туласып.
Жоқтаған қайғы шу басып,
Жанымды менің мұң басып,
Аралдың туған перзенті ем,
Отырмын оймен сырласып.
Қайғыдан толқып күй қаптар,
Алтын-зергер сый заттар...
Ұлы Тұран үй-заттар...
Бас сүйегі, сирақтар...
Тартыла келе теңізден
Табылды үлкен зираттар.
Соғатын Тұран самалы,
Әлемге жетіп хабары.
Таусылмай тұрып амалы,
Салынған алып қамалы.
Шаһарда болған бір кезде
Теңіздің асты табаны.
Тарқатып жанның шерін де,
Жұлдыз да жанған, көгінде.
Нұрын да шашқан өмірге,
Барса келмес жерінде.
Не болмаған десеңші
Ұлы Аралдың елінде.
Жүрегің болса толғаңдар.
Адамзат ісін қорғаңдар.
Болмаса да ормандар
Су астында жолдар бар.
Табанында теңіздің,
Таңғажайып қорған бар.
Не болмаған бір кездер.
Сөнсе-дағы тіл-көздер.
Жұмса да көзін жыр көздер,
Өткен-ау талай гүл кездер.
Теңіздің асты бір ғажап,
Күмбір де күмбір күмбездер.
Тарихтың тапса негізін,
Өшірген уақыт көп ізін.
Жоғалтып тапқан жоқ ізін,
Толқын да толқын егізім.
Осыған қарап ойланам,
Оралар-ау деп теңізім.
Көріп ем шалқып ұшқанын,
Басылмай менің құштарым.
Жан-жағым жайнап тұстарым,
Бақытты бір кез ұстадым.
Осыған қарап ойланам,
Оралар-ау деп құстарым.
Талайдан талай қалған бар,
Жалғанда жалған жалған бар.
Ұшқанда қанат талған бар.
Өмірді бірақ жалғаңдар,
Құстардай көкке самғаңдар,
Шомылсақ бірге теңізде,
Одан артық не арман бар?!