28.08.2023
  86


Автор: Шөмішбай Сариев

Ешқандай жақсылығың зая кетпес

Ешқандай жақсылығың зая кетпес,
Анаңның сүйегіңе — таяғы өтпес.
Біреудің қасіретін біреу көріп,
Бақытты ғұмырына — баян етпес.
Қыс келіп, боратады қарды көктеп
Қорқынышы – күн шуақ, алды — көктем.
Өзгені бақыт етсең – бақыт сонда,
Зұлымдық келе жатыр арғы тектен.
Зұлымдық аспанда емес, жерде өседі,
Адамсың, сәби едің сен кешегі.
Қай жағына көңілің құлай кетер,
Бір өзіңнен екі күш белдеседі.
Бір күшің жақсылыққа — бері тартқан
Бір күшің жамандыққа — кері тартқан.
Қайсысын сілтеу керек өз ақылың
Бір тағдыр қос шоқпарың беліңе артқан.
Бірін көкке көтерсең бірі жерде,
Бірінен бірі өссе, ірі көрме.
Бірі мүмкін тұрғызар табытыңнан,
Бірі мүмкін түсірер тірі көрге!
Сұрқия залымдықтар – сұрқиланып,
Қанатын енді бірі шырқай қағып.
Зұлымдық пен мейірім жеңіле алмай,
Жұмыр жер бара жатыр шырқ айналып.
Өртеніп, өрт қайғыдан шаңы шығып,
Жұлдыз боп жымыңдайды алыс үміт...
От тиген етегіне анадайын
Жұмыр жер бара жатыр жан ұшырып...





Пікір жазу