28.08.2023
  115


Автор: Шөмішбай Сариев

Өрт

Қуалап шөпті қуып өрт болғанда
Сен ие болмасыңа көп таңғалма.
Шаңырақ жанып, лаулап құлап түссе,
Сүйеніп қалатынды жоқтан барға.
Лап етер ең жаманы қауылдырық,
Жел үрлеп, дем береді дауыл тұрып.
Етегін ел-жұртының өрт шалғанда,
Ішінен қайғырады тауың тынып.
Дүркіреп жөнелді өрттен қатқан қамыс,
Оянар осы кезде жатқан намыс.
Қып-қызыл қан сияқты туға айналар,
Жалындар қанаттарын қаққанда алыс.
Бел алса өрт дегенің бір өшпейді
Көппен бірге болған бұл күрес дейді.
Әр жалын жүгіреді ту көтеріп,
Аяғы аяғына ілеспейді.
Талай-талай өрттерден өткен Адам
Өрт деген дауасы жоқ дерттен жаман.
Қалатын шалғын шөптер қайта қаулар
Он жыл қырғын болса да өрттен аман...
Өрт деген оңай болмас кімге де онша,
Астамшылық жасамас күн көре алса.
Халықта ашу-ыза өрт сияқты,
Тоқтату қиын енді бір бел алса.
Қазақ боп көз жасымен төктік қайғы
Кей надан бүгінді ойлап дертті ұқпайды.
Қашанда өрттің алдын алған дұрыс,
Себепсіз бұл өмірде өрт шықпайды.


 





Пікір жазу