Қартаю
Күн мен Ай, жұлдыз жанып аспанында,
Өмірдің құдай берген бас жағында.
Бір адам қартаям деп ойламайды,
Арманда асау толқын жас шағында.
Адам бұл тіршілікке-ай, өлмей тоймас,
Шідерлер тағдырына көнбей қоймас.
Құдайым, мырзалықпен ғұмыр берсе,
Ал, бірақ қарттық деген келмей қоймас.
Қарттарға сәлем берер кім бүгінде,
Қапысыз қарттық келер бір күнінде.
Бір адам қартаям деп ойламайды,
Жүргенде махаббаттың сүргінінде.
Адам бұл дүниеге-ай, өлмей тоймас,
Желігі басылғанын сенбей қоймас.
Құдайым, ғұмыр ұзақ болған сайын,
Ал, бірақ қарттық деген жеңбей қоймас.
Ал, бірақ қартаю да өнер бүгін,
Күтетін бір басымен келер күнін.
Қайғысын, қуанышын ішке сақтап,
Көтерер бір басымен көрер мұңын.
Дейтіндей өтті жастық неге менен,
Жүзгендей өмір екен кемемен.
Қарттық бұл көріп еске алатындай,
Баяғы балалығын немереден.
Басыңды сипай-сипай жыл анадай,
Ешкімді ешнәрсеге кінәламай.
Әдемі қартаю да ақылдылық,
Отырар таяқ ұстап ғұламадай.
Бір Алла, бір құдайы табынардай,
Алдағы күннен күтер бағы қалмай.
Бойжеткен, бозбаланы көріп еске,
Жастығын қариялар сағынардай.
Өмірде өтеді ғой не бір қызық,
Жамбылдың жасына да келу қызық.
Немере, шөберенің тойын жазса,
Құдайым, соның бәрін көру қызық.
Ағысты өзен-бұлақ көшпен ағар,
Ылдилап жүйрік жылдар төспен ағар.
Қарттық бұл адамзаттың ескерткіші,
Ертеңгі күндеріңді еске салар.