27.08.2023
  92


Автор: Шөмішбай Сариев

Ей, дүние, жаныма дем бересің

Ей, дүние, жаныма дем бересің,
Демің тартып ішіңнен сен келесің.
Киелі қара ормандай жайқалып бір,
Ғажап толқын — ұрпақпен тербелесің.
Ей, дүние, жүректе қан ойнаттың,
Қан тасытып, кей-кейде абайлаттың.
Сүріндіріп, кей-кейде құлап тұрып,
Тіршіліктің тағдырын сан ойлаттың.
Ей, дүние, жиылып көзіме ендің,
Мендей ме екен, білмеймін, сезімі елдің.
Сан қилы, сан тараулы ұлы жолда,
Ерітіп, кей-кей жанға өзім ердім.
Мені де мойындайтын кезі келер,
Ақынның құпиялы — сезімі — өнер.
Ей, дүние мен сенің бөлшегіңмін,
Бір өзіңнен бөлініп, өзіңе енер.
Тыншымай таңғажайып мына тылсым,
Кеудем — толқын көгіме бір атылшы.
Жүрегіме дем беріп Ей, дүние,
Сен көзімнің алдында тұра тұршы...


 





Пікір жазу