ЖЕЗ ТОПСАЛАР
Жандостың қалтасы темір-терсекке толып жүреді. Өңірін басқан ауыр қалтадан гайкалар, кесінділер, шынжырдың үзінділері, шайбалар табылатын. Алақандары таттанып, жуса кетпейтін болып алған. Бала ұйықтап жатқанда шешесі әлденеше рет темірлерді құртып, қалтасын босатып қойса да, Жандос кешке келгенде бәрібір қайта қалыбында болады.
– Мынау жаңа күртенің қалтасы тесіліп қалыпты. Темір салуды қой, – деп, шешесі талай ұрысып еді. Онысынан ештеңе шықпады. Бір күні Жандос үйде жоқта қалтасын ақтарып отырып, әртүрлі темірлердің арасынан жарқыраған бір пар кішкене топсаларды тауып алды. Топсалар жез қаңылтырдан жасалған, сандықшаларға орнатуға лайықты-ақ. Шешесі күміс моншақтарының арасына салып, қастерлеп тығып қойды.
Ертеңінде бала сандықты ақтарып жүріп, шешесінің ең бір қадірлі заттарының арасынан өзінің жез топсаларын көрді.
– Мұны қол өнері сабағында өзім жасадым, – деді ол мақтанып.
- Солай ма, менің құлыншағым, шебер болады екен ғой! – деп анасы бауырына қысты. Содан былай Жандосқа темір ұстадың деп ұрыспайтын болды.