НӨКЕН
Қыстың бел ортасы болатын. Бірнеше күнге созылған ұйтқыма боран таңнан бері толас тауып, іргедегі қатпар бұлттардың арасынан жылтырап күн көзі көрінді. Ойы мен қырын боран сипап тегістеп кеткен кіршіксіз ақ даланың бетінде қыбыр еткен жан жоқ. Шыңылтыр аяз. Орман дағдысынан аласара түскендей, қырау бүркеніп, қимылсыз тұр.
Айыр-күректерін иықтарына артып, жұрт жұмысқа кетіп жатқан кез. Осындай апақ-сапақта біреулердің даурықпа айғайлары естілді.
– Анау келе жатқандар не?
- Бәсе, бұлар не?
– Алдыңғысы мал, кейінгісі ит емес пе?
– Қызылағаштың шілігіне мал мен ит қайдан барады?
Адамдар таңырқасып тұрғанда екі қара құйрық тістесе келіп ауыл шетіне ілікті.
– Апырмай, енді қайттік, мыналар күтпеген іс болды ғой. Мылтық қайда, мылтық?..
– Атқа мініңдер, дереу шап, аттан!
Жүні жығылып солықтаған ақтаңдақ елікті қатпа сұр қасқыр өкшелеп алыпты. Дәрмені таусылған елік орғып түсіп зымырайды. Қасқыр алдыңғы екі аяғының арасына басын тығып, көсіле сілтеп келеді. Шүберектей жалбыраған қызыл тілінің ұшы көбік қарды сызғылайды. Елік ауылға кірді де, кең көшені бойлап кетті.
– Алда жануар-ай, адамды пана көріп келді-ау! – деп әжей жыларман болып тұр. Қасқыр айыр, күрек алып өзі-қарай ұмтылған адамдарды көріп аңырып қалды да, ауыл сыртына жалт бұрылды. Иттер абалап шығарып салған еліктің ізіне қайта түсіп, ықтағы талды өзекке қарай қар боратып ұзап бара жатты.
– Қап, ана жауыз елік сорлыны енді құтқармайды-ау, бармысыңдар?! – деген әлгі әжейдің әмірлі даусы естілді. Оған жауап ретінде біреулер қарқылдап күліп жіберді.
– Ой, күлкің көмір болсын, түге!
– Қазір, әже, қазір...
Қылыштың жүзіндей жарқылдаған бала жігіт Нөкен қаба жал жирен атты шапшаң ерттеп, қарғып мінді. Асығыста сойыл таба алмаған соң, шаң басқан дара ауыз мылтығын ұстай шықты. Жемге бөгіп тұрған сұлу жирен төрт аяғын тең тастап ұшырта жөнелді. Нөкеннің өткір көздерінен жас парлады. Есіліп жатқан қасқыр ізін кейде көріп, кейде көрмей қалады. Қан жұққан оймақтай тұяқ таңбаларын қорқаудың жалпақ жыртынды іздері бірде басып, бірде жанай өтіп барады. Аңдардың бойы көрінбейді. Алда қыраулы биік ағаш Қарашоқ зырлап жақындап келеді.
Нөкен Қарашоқты айнала беріп, қасқыр мен еліктің үстінен шықты. Шашасы қырқылып титықтаған елік жел беттегі күртікке батып тұр. Теректің қу бұтағындай сұрғылт мүйіздерін арқасына төсеп, тұмсығын көтеріп қалыпты. Қасқыр оның өкпесіне басын тығып, қорқ-қорқ асап жатыр екен. Ызаға булыққан Нөкен көздемей атып жіберді, тимей кетті. Жыртқыш ағаштың арғы тасасына түсіп, мұнарлы көкжиекке қарай асты. Аш өзекке біраз тояттаған көрінеді. Аңшы бала өткір көздерін жыртқыштан аудармай, шауып келеді. Ырс-ырс еткен тоқ жарау аттың дем алысы ғана естіледі. Құшақ-құшақ ақ бу есіліп қалып жатыр. Қар мұншалық қалың болар ма, аттың омырауынан тірелетін жерлер бар екен. Қасқыр артына жалтақтап қарайды. Жегені буынына түсіп, бөгеп барады.
Нөкен ат жалын құшып алыпты. Көзіне тер тамып, бұлдырайды. Жыртқыш ағаштан өтіп, көлік жолына табанын тигізген соң еркінсіп кетті. Бірақ ол қарқыны ұзаққа бармады. Қуғыншымен арасы тағы қысқарды. Аңшы иығындағы мылтығын түсіріп, көздеп атып жіберді. Қасқыр ышқынып қалды. Жақындай беріп, екінші атты. Бұл жолы да көк талмен шықпыртқандай ғана әсері болды. Әріректе жалғыз үйлі малшылар қыстауы ағараңдайды. Қасқыр солай қарай салды.
Нөкен жақындай беріп тағы атты, қасқыр тағы тыржың етті. Қолына іліккені үйрек оғын оқтаған патрондар екен, оның өзі де таусылған. Көсеудей пайдасы жоқ мылтықты жол сыртына қарай лақтырып жіберді. Қуғыннан қысылған қорқау қамыс ұстаған ықтырмаға қойып кетті. Алдынан шәуілдеп шыққан сүмелек қаншықтар қашып қораға кірді. Үй жақтан шопанның баласы Боташ жүгіріп келеді.
– Мылтық бар ма, мылтық?.. – деп, Нөкен шырылдап айғай салды. Қасқыр ықтырманың іргесіне барып, қарсы қарап жатыр. Көзі қуғыншыда, іргені бұзып шыға жөнеле берді. Нөкен Боташтың мылтық алып келуін тоспай, шарбақта қыстырулы тұрған қу сырықты жұлып алып, соңынан кетті. Тыныстап қалған жыртқыш ә дегенде аяқтарын пысық тастап, иен даламен сұр кесірткедей шұбалаңдап барады. Беталысы – Қоскөл.
Дөңге көтеріле бере қуғыншы тағы жетті. Сілтеген құрықтың түбі ердің қасына тіреліп, ортасынан шарт сынды. Нөкен ерімен қоса ауып барып қайта түзелді, ат тәлтіректеп кетті. Құрық ерге соғылмай, аңшының бүйірінен тірелгенде, ұшырып жіберер еді. Жанталаста кейін сермеп, дәлдеп ұра алмапты. Енді қолда қару жоқ, сырықтың шолақ түбі қалды. Қасқыр шабыстан шоқалаққа ауысып, кейде бүкжеңдеп жортады, титықтап біткен.
Айнала ақ жазық, алыста бұлдырап қыстау қалып қойды. Келер дөңнің сыртында ну қамысты егіз көл жатыр. Оған жетсе құтылғаны. Нөкеннің көзіне бейкүнә елік елестеді, өкпесін жұлып жеп жатқанды ауырсынғандай басын кекшитіп қалыпты, ақ қардың беті шапшыған қан...
Сол мейірімсіз жыртқыш жүні жығылып, алдында томпаңдап барады. Істер қайраны жоқ, не деген қорлық. Егер айласын асырып құтылып кетсе ше?..
Нөкен түршігіп кетті. Қағылез жүзіне бұрқырап шыққан тер істік мұрнының ұшынан домалап түсті. «Жоқ!» – деп қатуланып алды да, атты бастырмалатып құрықтың шолақ түбін сермеп қалды. Қасқыр аузын арандай ашып, тік шапшыды. Тісін дарыта алмай секіріп кетіп, қарсы қарап жатты. Қан жұғып салтақтанған жүндес кеудесін қарға төсеп, тұқырып алыпты. Шүңірек көздерінің жасыл сарғылт жанарын оқша қадайды. Арқа жүні тікірейіп тұр. Құйрығының ұшын ақырын бұлғаңдатады. Құлағына жеткен үлкен аузындағы аппақ азуын сақ-сақ еткізеді.
Нөкен сескенейін деді, жирен ат та жақындауға батпай, осқырып шегіншектейді, бұл қалыпта алдырмайтын болды. «Енді не істеу керек, үйге қайтып кетсе қайтеді? Жо-жоқ...»
Сонау еңісте қар басқан дөңгелек шіліктің төңірегінде селдір қызылдар көрінеді. Шауып сонда келді де, сырықтай бала қайыңды түбінен мыжғылап кесе бастады. Бәкімен сойыл кесіп алу оңайға түспеді. Ақыры сындыра құлатып, бұтақтарын асығыс аршып атқа қонды. Бұл кезде қасқыр орнынан тұрып, Қоскөлге қарай жортып бара жатқан.
Аңшы алдын орай шауып, бетін шұбарға қарай бұрды. Қуып келеді, дала таусылар емес. Қыраулы орман айқындалып көріне бастады. Қасқырды бастырмалатып барып құрық сілтеп еді, бөксесінен ала былқ ете түсті. Екінші ұмтылғанда гүрілдеп қарсы шапты, жирен жалт берді. Нөкеннің оң жақ жеңінің жартысын жұлып әкетті. Атты тақымдап, құрықты қайта сермеді. Бұл жолы оң қолы ұйып түсті. Білегінен төмен қарай ыстық тер жылжиды, жоқ, тер емес, қан...
Аңшы бар қайратын шақырып қайта ұмтылғанда, қорқаудың істік тұмсығынан дәлдеп соқты. Қасқыр омақата құлады да, пышақ азуларын сақылдата ашып қайта тұрды. Бұл жолы биікке шапши алмады. Екінші сойыл қарақұстан тиген еді. Ашылған тұмсығымен қарды қаба жығылды. Шолақ құйрығының ұшы шошаңдап қозғалып жатыр. Өшіккен жігіт құрықты екінші көтергенде, қолы салдырап қалды. Саусақтарының басынан қан дірдектеп тұр. Қолдың бұлшық етін сүйегіне жеткізіп орып түсіпті, кесілген ақ тамырдан жіптей жіңішке қан шапшып тұр. Нөкеннің көзі қарауытып кетті. Мойнынан орауышын алып, жеңінен қоса қысып байламақ болған еді, қолы дір-дір етті. Қан орауыштың сыртынан да білінді. Иықтан төмен керемет ауырып барады. Айнала қараңғыланды, кештің батқанын да білмей қапты. Ат қарды тарпып жіберіп, астынан сары бетегені суырып алды. Ауыздығын сылдыр-сылдыр еткізді. Сұр қаншық қимылсыз жатыр. Істік мұрнының ұшынан тамған қап-қара қан ұйып қалыпты. Осы кезде семіз қоңыр бедеуге жайдақ мініп, талдырмаш бала Боташ келді. Екеуі бір сыныпта оқитын, каникулға шыққалы кездескені еді.
– Қорқауды жайратқанбысың? Міне, батыр, мен ат таба алмай кешігіп қалғаным! – деп, Боташ жайраңдай күліп тақалып қалды. Осы кезде досының аппақ қудай болған кескінін көріп шошып кетті. – Ой, саған не болған?
Нөкен қанды орауышты иегімен нұсқады.
– Бауырым, қасқырды әкеңе апарып бер, мені ауылға жеткіз, – деді ол ат жалына жармасып жатып.