КЕЗДЕСУ
- Алақай, жазушымен кездесу болады!.. – деп Баян аулының оқушылары кешеден бері қуанысып жүр. Ағалы-інілі Сағынтай мен Сәлкен жиын болатын жерге бұрынырақ келіп, алдыңғы жақтан орын алды. Мектептің кең залы көп ұзамай балаларға толып кетті. Барлығы да елеңдеп есікке қарайды. Қонақты асыға күтеді, күбірлеп сөйлеседі.
- Жазушының басы үлкен болатын шығар? – дейді Сәлкен, – Қалың кітаптарды жазуға қанша ми керек десейші?!.
- Жамбылдай сақалы бар біреу болар, – деді Сағынтай.
Залға мұғалімдер мен бірер бейтаныс адамдар кіргенде, балалар орындарынан тұрып, қошемет көрсетті. Сағынтай мен Сәлкен де орнынан тұрды. Сахнадағы қызылмен жапқан ұзын үстелге келгендер жайғасып отырды.
- Жазушы қайсысы, әлі келмеді ме екен? – деп Сәлкен ағасынан қайта-қайта сұрағыштай бастады. Анау жақтырмай тыжырынады, екі көзі қонақтарда.
- Өздерің талай шығармаларын оқыған жазушы ағайларыңа сөз беремін, – деді мұғалім.
Мінбеге шағын денелі, жұқа өңді жігіт ағасы көтерілді. Ол залдағы балалармен амандасып болды да, мінбенің ернеуінен қос қолдап ұстанып алып сөйлей бастады. Дауысы жағымсыздау шықты. Тұтығыңқырап, кібіртіктей сөйледі...
Сағынтай мен Сәлкен үйге қайтып келе жатты.
– Жазушы деген жұрттан бөлек біреу болар деп ойлап едім. Тәйірі, біздің мұғалім ағайлардан артық емес қой, – деді Сәлкен.
– Сақал, мұрт қоймапты, тіпті көзәйнегі де жоқ, – деп қомсынды Сағынтай.
– Мен үйге барған соң таң атқанша бір роман жазып тастаймын, – деді Сәлкен, – сөйтіп, ертең жазушы болып шыға келемін.
– Жаза алмайсың, – деп ерегістірді ағасы.
– Көрерсің, – деп қасарды кішкене Сәлкен. Ол кешкі асты асығыс ішті де, төргі бөлмедегі әкесінің жазу үстеліне отырып, жазуға кірісті.
– Күн сәулесі шүмектеп құйылып тұрды... – деп бастады кітабын. Осыдан соң көп ойланды. Аузына сөз түспеді. «Шүмектеп құйылып тұрды», – деп күбірлей берді. Сағынтай келіп қайта-қайта үңіледі.
– Жұмыс істеуге бөгет жасама! – деп ыза болды Сәлкен.
Түннің біразы өтіпті, ағасы әлдеқашан ұйықтап қалған, үй іші қалың ұйқы құшағында. Сәлкен әлі отыр, көзіне ұйқы тығылды. Бірақ романды аяқтамай жатуға болмайды. «Күн сәулесі шүмектеп құйылып тұрды...» –деп күңкілдейді. Есінейді. Аққұба өңі қуарып, жақ жүні үрпиіп кетіпті. Дөп-дөңгелек көкшіл көздері қызарып, жұмыла береді. Роман жазу үшін бір нәрсе жетпей тұрған секілді...