24.07.2023
  141


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

ЖИРЕН САҚАЛ

Жирен  сақалды, қызыл көз  сары шал үйге байбалам сала кірді.



  • Бар болғыр, аспанның түбі түсіп кеткеннен сау ма, мынау күн бе, ақырзаман ба, бәтшағар? – деді ол күйіне, таусыла сөйлеп.


Кейкі мұрын, шұбарлау бетінде әжімі бар шүйкедей сұр кемпір шалының сырттан естілген даусынан әлдекімге кейіп, күйзеліп келе жатқанын сезе қалған-ды. Мұндайда сөз қосу, жөн сұраудың пайдасыздығын білетін кемпірі тырп-тырп басып бәйек болып жүр.



  • Түу, үстіңнің суға малынғаны-ай, шешінші, шайды бұрқ еткізе қояйын.


Масақбай су киімдерін  босағаға іліп, төр алдына тырсиып отырып алды. Ашу-ызасы асқынып, денесі селкілдеп, қалшылдап кеткен. Өшін ұзын сақалынан алғандай сүйір ұшын саусақтарымен сықырлата мыти береді, қайырып әкеліп аузына салып, тістелейді. Көзі кіртиіп, көңілсіз  қарайды. Сыртта түнерген күңгірт аспан көрінеді, терезеге жаңбыр сабалап тұр. Жаңбырдың мөлдір тамшылары әйнекті  шая төмен қарай сорғалайды. Аулада буы бұрқыраған қара ат жаңбырдан тітіркеніп, бүрсең қағады. Жүгенін сыпырып кетуге ыңғайланып, басын байлағышқа үйкелейді, тыпыршиды. Аттың төңірегінде сумаңдап сауысқан ұшып-қонып жүр. Ол осы бір лайсаң күнге қуанып,  құйрығымен ым қағып қояды.



  • Әй, жаратқаны бар болғыр, ананы қара, жүгенін сыпырайын деп жатыр. Қатын-ей, ана пәле сыпырайын деп жатыр деймін. Баршы, ішкі қораға байлашы деймін, әй, тәңірім-ай!


Ол қара атты енді көрместей болып, теріс айналып отырды. Терезенің тынымсыз сытырын тыңдап, сырттағы лайсаңға қарағысы келмей, түнеріп  біраз отырды.


–  Күннің кешегі ашыққа батқаны да бар болсын, ашылу орнына жаңбыр да жаңбыр...


Ойға шомды. Әлгінде ғана аралап өткен жалпақ егістік, сұлап жатқан ауыр дестелер көз алдына  елестеп өтті. Саласы жарты қарыс бидай масақтары саз балшыққа мұртын малып, жер бауырлап қалыпты.


‒ Биыл қандай егін өсірдік, ақыры мінекей... Шіркін-ай, мына додаланған  жексұрын  бұлттарды ерсілі-қарсылы  серпіп-серпіп тастаса. Ертегідегідей алып болсам, соны істемес пе едім?! Біздің  білімпаздар осындай жаңбырды дер кезінде тоқтату амалын неге қарастырып көрмейді екен? Түбінде ол да болар-ау, оған дейін түпке жетті ғой мынау, ‒ деп Масақбай ойындағысын ірікпей айтып отыр. Балғадай қолдарын сермеген сайын ұзын  жирен сақалы толқып кетеді. Шайды шапшаңдата ішіп, жаңбырға сол кінәлідей-ақ құшырлана, өршелене ұрттайды. Маңдайы жіпсіп,  бойы жазылғандай болды. Сонан соң барып:



  • Қатын, әлгі атты байладың ғой? – деп күңк етті.

  • Байладым, обал-ай, қан сорпасы шығыпты.

  • Енді қайтсін жануар, бүгін көп жер жүрді. Мына жаңбыр жау болып, жағадан алып жатқанда, екі бұқаны қоя берген. Соларды қуып, әлекке түскенім. Бақташысы  Бірімжанға да азуымды бастым, өкінетін жер жоқ, – деп, Масекең желпініп қойды.


– Тұлданып келгенің сол ма еді, – деп күлді  кемпірі.



  • Білгің келсе, ол ғана емес, мына бәлені көрмей отырмысың, қан емес пе жауып тұрған. Бар егін сұлап жатыр, енді шіри бастайды. Ай-ай, есіл еңбек-ай...

  • Сен құрлы білетін болар жұрт, – деп күңк ете қалды кемпірі. Сол-ақ екен, Масекең дәуірлеп ала жөнелді:

  • Ей, сен қатын, қайдан білімпаз бола қалдың, бәтшағар, қарай гөр мынаны. О заман да, бұ заман,  шала піскен егінді  қиратып  салып қарап  отырғанды  орыс-қазақта  кім көрген. Ілім иелері шығарды деп бөседі. Ілімнен садаға кеткірлер, түге! Мұны шығарған өзіміздің белсенділер, құдай біледі, өздері. Енді келіп сен құрлы... Алпысқа келгенде ақымақ қылмақпысың мені. Ана жолы басшылардың алдына мәселені турадан-тура қойдым. «Бұл барып тұрған жолсыздық!» – дедім. Олар мені мазақтағандай, ішектері қата күлді, күлкің көмір болғырлар! «Ақырында күлкіні қойып, жыларсыңдар», – дедім. Өздерінше түсіндірмек болады. Не майдаланбайтыны бар, егін шіриді, айрылдық егіннен.


Масақбай ішіп отырған шәшкесін шайтабаққа төңкерді де,  итере салды.


       – Егінді дәні толмай жыға салу қайдан табылған ақыл, айтшы өзің? – деді өршеленіп. Бәйбішесі үндемей құтылды.


... Масақбай түнді дөңбекшумен өткізді. Жаңбырдың сытырын тыңдап жату ақырет, жайсыздық туғызды. Түс көріпті. Сұрапыл дауыл тұрып, қара бұлттар жөңкиді, нажағай ойнайды. Нөсер сабап тұр, жалпақ  далаға су жайылып, көлкіп кеткен. Егіннің ауыр дестелері қалқып, сырғанап барады. Масақбайға қанат бітіп ұшып жүр, қызғыштай шырылдайды. Егінді судан уыстап алып сыртқа, құрғаққа тастауға талаптанады. Шамасы келмейді. Әлдекім бұған қарқылдап күледі. Мазақтағандай, табалағандай болады. Ол қиналып терлеп оянды, басы мең-зең, жүрегі дірілдейді. Ауыр дем алып, терезеге қарады. Сыртта ағарып таң атып келеді.



  • Бәтшағар, осының бәрі түсім ғана болса жарар, – деді ол басын шайқап. Масақбай атын ерттеп, мініп кете барды.


Шығыста, сонау көкжиекте шөккен тарғыл бұлттардың әржағынан күн шығып келеді. Қызғылт сәулесі  күңгірт аспанға шашырап, тарамданып тұр. Масақбай күнді өмірінде бірінші көргендей сұқтана қарайды. Күн көзі бұдан былай көрінбейтіндей, мынау беймаза нөсер тынымсыз төге беретіндей түңіліп кетіп еді.


       – Ей, бақыр-ай, сен өзің әлі бар екенсің-ау, – деді ол ызалы күлкімен.


       Жаңбырдан соң дала буланып, сарғылт жапырақты ормандар мүлги қалыпты. Бұлтсыз аспанға тәкаппарлана өрлеген күн көзі едәуір қыздырып тұр.


       – Ендігіңді қайтейін, болары болып қалған соң, – деді Масекең атын тебіне түсіп.


Кешке таман комбайндар жұмысқа кірісіп кетті. Масақбайға осылардың барлығы ерсі көрінеді.



  • Суға шірітіп жинағанның несі жұмыс, әй-әй басшылар-ай, көп білесіңдер-ау, күлуге де шеберсіңдер, – деді ол таңдайын қағып.


Еңбек даласына кірбіңді көңілмен жүдей қарап жүріп келеді. Жаңа ғана үйілген сабан шөмелесіне тоқтап, аттан түсті.



  • Колхозға жаны ашымайтындар өңшең, бұларды тексеріп көрмей болмайды, – деп күбірлеп жүріп, сабан арасын ақтарып қарады. Топанды ұшырып көрді, көп айналдырды, ысырап болған бір дән кездеспеді. Қолын бір сілтеп, атына қайта қонды. Әлдекіммен ілігіскісі келеді. Сонда ғана ашуы аздап орта түсетіндей, кеудесі әнтек кеңитіндей көріне берді. Қас қылғанда себеп-сылтау табылар емес. Жиналып алынған дестенің бойымен шоқытып келе жатып, ойпаң жерде қалып қойған бір қолтық егінді тауып алып, алыста ұзап бара жатқан комбайнды қуып  жетті. Атын қаңтара салып, басқышпен жоғары көтерілді.

  • Ей, ашық ауыз, есалаңбысың, мына егінді қалдырып кетуге қандай қақың бар, колхозға жаның неге ашымайды? – деп комбайншы жігітке айғайлап кетті. Бұйығы мінезді комбайншы бала тіске ілікпей қалғанын айтып, ақталғысы келіп еді, Масақбай:

  • Сенде бір түйір ми жоқ, жұмысты істегің келмейді, босбелбеусің, әкең оңбаған еді, сен де солай екенсің, – деп әңгірлеп ала жөнелді. Жігіт теріс айналып, өз жұмысын атқара берді.


       Масекең терісіне сыймай тұрып, дәнге көзі түсті. Алтындай  қызыл бидай шүмектен сауылдап тұр еді. Алақанына салып, қарап қалыпты. Өз көзіне өзі сенер емес, иіскеп, шайнап көрді. «Бидайдың дәні қандай толық, бәлкім, түс көріп тұрмайын мен».


– Ей, шырағым! Мәліктің баласы! Мынау бидай қалай өзі?!  Құдай ақына, тамаша ғой мынау?! – деп комбайншы жігітті жұлмалай бастады. Жігіт ренішті кескінмен  бұрылып, қарттың есепсіз көңілденіп тұрғанын көрді.



  • Мынау қалай өзі, қалай тамаша деймін-ей? – деп мағынасыз күле берді Масақбай. Ол комбайннан домалана түсіп, атқа қарғып мініп, қамшымен шықпыртып жіберді. Сақалы желкілдей шауып келеді.

  • Апыр-ай, мынау өзіміздің белсенділердің ойлап тапқаны болмады. Ілімнің жұмысы болды. Жауын астында жатып шіру орнына дәні толыға түскен, о ғажап! Егер осы егін жаңбыр астында сабақта тұрса  қиылып  қалар еді-ау?! Апыр-ай, құдай сақтаған, құдай емес-ау, ілімнің өзі сақтаған. Елге күлкі болдым-ау, әй, кәрі сайтан, бала болған күнің-дағы бұл...


 





Пікір жазу