24.07.2023
  151


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

ҚОСТЫҢ ДӘМІ

       – Ата, шаршадың ба? – деді Қуаныш.


       – Шаршадым, – деді атасы. Беті күнге күйіп, түтігіп кеткен.


       – Ата, ертең мен бағысайын.


       – Айналайын-ай, көмекші керек-ау, бірақ...


       – Жо-жоқ, ата, торы атты берсең, малды өзім-ақ бағамын. Егінге түсірмеймін, атты қинамаймын!


       – Жарайды, көрейін...


Қуаныш ерте тұрды. Аттарды суарды, жемдеді.


       – Қуантай, сен бе аттарға жем берген?


       – Иә, ата.


– Міне, азамат болды деген осы.


 Мал сылбыр қозғалып, шық басқан шөпке із қалдырып барады. Қуаныш атасының ескі бөркін киіп еді, көзіне түсіп, мазалай берді. Ерге мықтап жабысып алған. Майлыаяқ та көңілді. Қуаныштан бір елі қалмайды. Маса-сонасыз таңертеңгі салқында табынды орағытып шапқылап жүр.


Атасы атының ауыздығын алып отқа жіберді.


       – Қуантай, торыны шалдыр, малға да тыныс керек. Мен аздап мызғып алайын.


Қалекең оянғанда күн қызып тұр еді. Сона буған өгізшелер суға ұмтылады. Қуаныш қайырады. Терін жеңімен сүртіп:


       – Мал қайыру бермейді, ата! – деп, дауыстады.


       – Жібер, көрмеймісің!


       Өгізшелер су ішті де, тоғайдың көлеңкесіне барып жатты. Күйіс қайыра бастады. Атасы от жағып, шай қойды. Өзен жағасында отырып шай ішу бір қызық көрінді балаға.


       – Шай үйдегіден де дәмді екен! – деді Қуаныш.


       – Иә, шырағым, қостың дәмі қашанда солай болады, – деді Қалекең.





Пікір жазу