24.07.2023
  250


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

АЯН МЕН БАЯН

 


 


Кешкі тамақтан кейін Баян сурет салуға отырды да, Аян кітап оқуға  кірісті. Асүйден шешелері ыдыс жууға шақырды.


       – Мен Қиыр Шығыс тайгасында саяхатта жүрмін. Дерсу Узалаға еріп, солтүстікке қарай кетіп барам... Ыдыс жууға уақыт жоқ, – деді Аян кітаптан бас алмай.


– Ыдыстарды жуып тастап, кеш бойы сурет салармын, – деп Баян асүйге кетті. Асүйді тәртіпке келтірген соң, бояуларына қайта кірісті. Аян кітапты оқып болып жанына қойды да, Баянға қарап:


       – Міне, мен де саяхаттан оралдым. Енді ыдыс жууға болады, – деді.


       – Ыдыстар бағана жуылып болған.


       – Бетіңдегі не?


       – Білмеймін, – деп, Баян бетін сипады. – Балдың жұғыны екен ғой.


       – Алақай, мен де бал жеймін! – деді Аян қуанып.


       – Балды мен тауысып қойғам.


       – Неге?


       – Апам: «Өз тиесіңді де, Аяндікін де жеп ал. Ол Қиыр Шығысқа кетсе, жуырда орала қоймас» деген.


 





Пікір жазу