КҮЗЕТТЕ
– Малма аяқ Дүйсен жетті, құмалақ тергіш! – деп айқайлады Қалел.
Қара биені шапқа түртіп мазақтады. Дүйсен ернін салпитып төмен қарайды.
– Шіркіннің шабандығына ол кінәлі ме! – деп Қасен іш тарта сөйлеп еді, Дүйсен теріс айналды да өзенге қарай жүгіре жөнелді.
Арт жақтан Қалелдің мазақтаған күлкісі естілді.
Бұйра талдар көмкерген терең жардың астында Есіл ағып жатыр. Дүйсен су жиегіндегі дымқыл құмға табанын басып тұр. Су бетінде ұсақ толқындар баяу жылжып барады. Балықтардың шолпылы естіледі. Арнаны қуалай жел еседі. Талдардың жапырағын шулатады.
Айнала қараңғы тартты. Тоғайда күнұзақ қалғып отырған жапалақтар қалбалақтай ұшып жүр. Күнұзын отырып ашыққан үлкен сары үкі ұшып өтіп еді, Дүйсен қорқып кетті. Асығыс кейін қайтты. Балалар жым-жылас жоқ болыпты.
– Қалел, Қасен! – деді дауыстап.
Даусы қалтырап шықты. Ешкім жауап қатпады.
– Қасе-е-ен! – деп булыға айқайлап жылап жіберді. Жап-жақын жерден Қалелдің дарылдаған күлкісі естілді.
– Қорқақ, қотыр торпақ! – деді ол әлдеқайдан сампылдап. Дүйсен ешкімді көре алмады. Сөйтіп дағдарып тұрғанда қарғаның ұясы аяқ астына топ ете түсті. Үйеңкінің ұшар басында Қалел отыр.
– Құстың ұясын неге бұзасың-ей! – деп, көрші үйеңкінін басынан Қасен тіл қатты.
– Дүйсенді қорқыту үшін!.. – деп қиқарланды Қалел. Балалар ағаштың діңін бойлай сырғанап жерге түсті. Тал арасына от жағып, айнала отырысты. Қу шөпшекке тиген жалын лапылдады. Отқа алақандарын қарсалап, мәз- мәйрам болысты.
Айналаны қараңғылық басты. От сәулесі тоғай ішіне еркін кіре алмай, алаңшаны ғана жарқыратып, дірілдеп тұр. Қалел құрт-майын, өзге балалар тәттілерін ортаға салып, тамақтануға кірісті. Тамақтанып болып, отқа шөпшек тастады.
– Дию мен жезтырнақ жайлы ертегі айтайын ба! – деді Қалел қорқынышты кейіпке салып.
– Айтпай-ақ қойшы! – дейді Дүйсен. Өзге балалар:
– Немене, қорқасың ба! – деп, күле бастады.
– Қорықпаймын, ештеңеден де қорықпаймын!
- Қорықпасаң, Есілден су әкеле ғой, кәне! – деді Қалел.
– Несі бар, әкелем!38
- Шелекті ал да жөнел, тап қазір!
Дүйсеннің кескіні бір қуарып, бір қызарды. Көздерінде аянышты жаутаң бар. Ол қараңғылыққа қарап, ықылассыздау:
– Барайын, – деп, орнынан көтерілді.
– Әлдеқандай қауіпке кез болсаң айғайла, көмекке барамыз, –деді Қалел.
Дүйсен өзенге қарай аяңдады. Көйлегі ағараңдап ұзай берді де, көрінбей кетті.
Балалар демдерін ішке тартып тың тыңдады. Дыбыс болмады. Тобылғы арасында жылқылар жайылып жүр. Күрт-күрт шөп шайнағаны естіледі. Қасеннің қызыл байталы отқа жақындап келіп, жап-жасыл көздері жайнап біраз тұрды да, құлақтарын қайшылап осқырынды. Басқа жылқылар да мойындарын созып елеңдейді.
Өзен жақтан барылдаған қорқынышты дауыс естілді де, тынып қалды. Енді батырсынған Қалелдің өзі қорқа бастады.
– Балалар, енді не істейміз, барамыз ба соңынан?
– Барайық! – деді Қасен. Сөйткенше Дүйсеннің әбігерленген дауысы шықты.
– А-а-ауу!
Қасен қараңғылыққа қойып кетті. Соңынан басқа балалар да жүгірді. Жардың астында ешкім жоқ. Судың сылдыры естіледі. Қара бауырдай сазарған аспанды қиғаштай тіліп жұлдыз ағып түсті.
– Дүйсе-ен!
– А-а-ауу!
Дауыстың қай тұстан шыққанын балалар аңғара алмай қалды.
– Иірім жақтан, әне, анда!
Жар астындағы ми батпақта әлденелер қараңдайды. Бірдеңемен алысып Дүйсен жүр.
– Жүріңдер, көмектесіңдер! – деді Дүйсен ентігіп. Балалар жетіп келсе, қап-қара мақұлықты сүйреп, жағаға жақындатып қалған екен. Сөйлеуге шамасы жоқ.
– Тартыңдар, кәне! – дегенді ғана айтты да, жұлқылай берді. Өзі де белуардан батып тұр. Балалар жабылып тартып шығарды. Қараса, бұзау екен. Жануар тұмсығын шүйіріп, сілкінді де: «Мө-мө», – деп мөңіреп жіберді. Балалар бұзауды жетектеп оттың басына әкелді. Шырпыны мол тастап, отты маздата жақты. Су өтіп қалтыраған Дүйсеннің арқасына Қасен өзінің шапанын жауып жақын отырды. Дүйсен:
– Суға еңкейе бергенім еді, «Мө-ө-ө» деген үн естілді. Жүрек тоқтатып тыңдасам, батпақ жақтан естіледі. Бұзаудың үні. Жүгіріп жетсем, сазда тұрып-жығылып жүр екен. Сыртқа шығара алмайтын болдым. Сонан соң сендерге дауыстадым.
– Дүйсендікі ерлік, батыр екенсің! – деді бір бала отқа шырпы тастап.
– Иә, – деді тағы бірі...
Қараңғылық қара кереге болып қоршай түсті. Жылқылар пысқырынып қойып жайылып жүр.