24.07.2023
  176


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

ҚҰПИЯ ТАПСЫРМА

 


Қарлығаш тазалықшы еді. Ол есік алдында тұрып, оқушыларды ішке бір-бірден жібереді. Әрбіреуінің үсті-басын мұқият қарады.


– Тоқта, балағың неге лай? – деп сұрады Сайлаудан.


–  Есік алдындағы шұңқырға жығылып қалғаным.


– Көзіңе қарап жүрмейсің бе?


– Асығып келе жатып, абайсызда тайып кеттім.36


– Ендеше неге лайыңды кетіріп кірмейсің?


– Туфлиімнің лайын жудым. Мұны жусам, сағал-сағал болып қалады ғой. Кепкен соң үгітіп түсірейін дедім.


Қарлығаш тақақтап қояр емес. Екеуінің әңгімесін сырттай бақылап тұрған Роза сөзге араласты.


– Жарайды, Қарлығаш! Жібере ғой.


Роза айтқан соң, Қарлығаш оны еріксіз өткізді. Розаның айтқанына құлақ аспауға болмайды. Өйткені Роза – осы Қарлығаштардың сыныбындағы октябряттарға бөлінген жетекші – вожатый. Бесінші сыныпта оқиды. Үлгілі пионер, оқу озаты.


Соңғы сабақ аяқталып, мұғалім сыныптан шығып бара жатқанда Роза кірді.


       – Балалар, – деді ол оң қолын көтеріп. Апыл-ғұпыл жиналып, сыныпты басына көтеріп жатқан балалар жым болды.


– Балалар, сендерге бір құпия тапсырма бар. Бүгін есік алдындағы шұңқырға жығылып, Сайлау үстін былғап алды. Ол шұңқырдың кесірі тек Сайлауға тиген жоқ. Басқалардың да былғап алғанын көрдім. Бәріміз бірігіп, сол шұңқырды көміп тастасақ...


– Көмсе, үстін былғағандар көмбей ме?


– Осы да құпия тапсырма болып па? – деген сыбыр-күбір естіліп қалды.


Роза оны естісе де естімеген болып сөйлей берді.


– Ол шұңқырға бүгін Сайлау түссе, ертең Көшен түсуі мүмкін. Қасындағы көршісіне сыбырлап отырған Көшен жым болды.


– Бәріміз бір-бір қағаз дорба жасаймыз да, таңертең сонымен құм ала келіп төгеміз. Тек ешкімнің көзіне түсіп қалмауымыз керек. Ол үшін әр бала жеке-жеке барып төккені жөн. Көшен мен Төлен өз құмдарын төгісімен мектептің екі бұрышына келіп, бақылау постына тұрады. Бөгде біреу келе жатса, ысқырып ән салып, белгі береді. Соңынан төгілген құмды тегістеу Сайлауға жүктеледі. Бұл ісіміз жөнінде алдын ала да, іс орындалған соң да ешкімге тіс жарып айтпаймыз. Қалай қарайсыңдар? Келістік пе осыған?


– Келістік! – деп, шу ете түсті балалар. Ертеңіне істің бәрі Роза айтқандай мұқият орындалды. Тек құмын қоңырау соғылғанда ғана төгіп үлгірген Жамалдың кесірінен Сайлау сабаққа кешігіп қалды.


– Иә, неге кешіктің? – деді мұғалім оны есік алдында тоқтатып.


Сайлау үнсіз төмен қарады. Сайлау үшін балалар бірауыздан шу ете түсті.


– Ағай, ол құпия. Айтуға болмайды.37


       Мұғалім жымия басын шайқап, Сайлауға отыруға рұқсат етті. Бұл оқиға құпия күйінде қалып еді, бірақ келесі аптада мектептің қабырға газетіне етектей мақала шықты да, бүкіл оқушыға тарап кетті. Көрші сыныптар бұдан кейін Қарлығаштың сыныптастарына қызыға қарады.


 





Пікір жазу