14.07.2023
  286


Автор: Серікбай Оспанов

Атқан таңдай арайлы...

Атқан таңдай арайлы


Жанарыңда бақ күліп,


Маған жиі қарайды


Отты шоғын лақтырып.


 


Көтеріліп жоғары,


Ұшқын атқан сол оттар,


Жанарыма толады,


Жүрегіме қонақтап.


 


Алған күннен нұр құйып,


Мөлдір көлі ол даланың,


Неткен терең,


Тұңғиық,


Жан баурайды жанарың!


 


Содан көрем пәктігі,


Осы шығар таланым?!


Махаббат пен шаттықты


Бақытты іздеп табамын!


 


Жанарың сенім артады,


Маған әрі жанашыр!


Мүмкін емес тарқары


Құмарым


Қарап сан ғасыр!


 


Сен қарасаң болғаны,


Жүрегім тулап, салды асыр.


Жанарың мені қорғады,


Жанарыңда бар асыл!


 


Тулап сезім, жүр үміт...


Ұғып,


Бірін ұға алмай,


Тереңіне үңіліп,


Жатам батып,


Шыға алмай...





Пікір жазу