14.07.2023
  78


Автор: Серікбай Оспанов

Бұрын байқап, ойға алып елеппін бе…

Бұрын байқап, ойға алып елеппін бе,


Сыр шертеді екен ғой терек түнде.


Жапырағы сипайды тереземді,


Еске алсын деп ұмытпай сен ектің бе?


 


Сыбырлайды күні-түн, тынбайды екен,


Махаббатты ол-дағы жырлай ма екен?


Мен де кейде мұңымды соған шағам,


Басын шайқап қояды.


Тыңдай ма екен?


 


Жалғызсырап жансерік іздейді ме,


Жылдар өтті.


Күдерін үзбейді ме?..


Шаршағанда сүйенем,


Ол да қажып,


Сағынысқан мүлгіп тұр біздей, міне.


 


Өзің жалғыз болғасын,


Теректің де


Жалғыздығын көрсін деп сен ектің бе?


Тереземді қағады ол өзің болып,


Жатсам егер мұңайып, жебеп түнде.


 


Осы терек әйтеуір сырласымдай,


Бір жыл туып, бірге өскен құрдасымдай.


Соған айтам сәт сайын жан сырымды,


Саған деген сағыныш бір басылмай...





Пікір жазу