14.07.2023
148
Күндеріміз қыдырып баққа барған...
Күндеріміз қыдырып баққа барған –
Аяулым-ау, пәк сезім, аппақ арман.
Сенің әрбір сөзіңді, қылығыңды,
Мінезіңді жүрегім жаттап алған.
Сенсіз жылап таңдарым атпақ па әлі,
Жылыта алмас шілдесі, аптаптары.
Қөз алдымда –
Ерніңе қона қалып,
Еріп кеткен сол қыстың аппақ қары.
Уақыт-ай, бұлтарып, бұлаң қаққан,
Екеумізге сол ғана құрған қақпан!
Көз алдымда –
Шеттегі тар көшелер,
Аппақ қары табанда жылап жатқан.
Әрі жақын, әрі арман қашықтағы –
Өзің болдың,
Ол бірақ жасытпады.
Сонау бір күн қар жауған
Келсе қайтып
Екеумізге шашуын шашып тағы!