Жақсы болар деп күтсем де ертеңім...
Жақсы болар деп күтсем де ертеңім,
Түк әкелмей шолтаңдады келте күн.
Келмесе де қысқа жібім күрмеуге,
Сен білесің – көңілім бай екенін.
Сен білесің – менде жалған жоқ қылық,
Өшірмедім,
Өршітпедім отты үріп.
Жанарыңа жаным балқып қараймын,
Ашуланып ойран-асыр боп тұрып.
Болмай қалған толып жатыр тойларым,
Кедейлікті санамадым бойға мін.
Опындырды қуанта алмай өзіңді,
Орындалмай қалған тәтті ойларым.
Еңсемді кіл өкінішті күн езді,
Сол өкініш жүрегімді түн езді.
Өзгерте алмай қойдым мүлде өзге үшін
Шыбын жаны шырылдайтын мінезді.
Бұл заманда кімді, сірә, кім ұққан,
Жүрмін әлі құтыла алмай мұң – бұлттан.
Өтіріктен қашамын деп
Ар сақтап,
Қаншама рет таяқ жедім шындықтан?!
Біздің тұқым бай болмаған өркенге,
Өстім мен де ескен шөптей өртеңде.
Күні-түні бақыт тілеп, жаным-ай,
Бақыттымын дегізе алмай өтем бе?..