13.07.2023
88
![](/uploads/shorttexts/author_image/mrm.png)
Мен өзіңмен ұғысқан ем...
Мен өзіңмен ұғысқан ем.
Бұлың-бұлың бұрыштармен
Келе қойшы,
Ұрмайды ғой,
Әжең саған ұрысқанмен.
Топыр-топыр толған көше,
Қарадым мен жолға неше?!
«Жеңгем іздеп қалар?» – дейсің,
Ғашық болған ол да кеше!
Қарап-қарап самайыма,
Тарап-тарап алайын да,
Қарғам, қарсы болмасаң сен,
Мен өзім-ақ барайын ба?!
Ұзақ-ұзақ армандайсың,
Жылап-жылап алғандайсың.
«Жаным, жаным» дей бергенше,
Жаныңа енді жалғанғайсың!
Кешір бағым, есімді алдың.
Сыпырған боп есік алдын,
Сыртқа шық та,
Кешке қарай
Келші, жаным, келші, жаным!