10.07.2023
  60


Автор: Серікбай Оспанов

Көз жасың

Аққан жұлдыз – тамып тұрды көз жасың,


Күннің нұры – жанып тұрды көз жасың.


Сездім сонда таңғы шықтай тап-таза


Көз жастан еш мөлдірліктің озбасын.


 


Талдыратын оқ екен ғой көз жасың,


Жандыратын шоқ екен ғой көз жасың.


Шыжғырылған шындық екен көз жасың,


Ап-ащы әрі жып-жылы екен көз жасың.


 


Мөлдірлікке табынамын өз басым,


Іштің дертін көз жастай ол қозғасын!


Шаттықтарда шашу болып шашылған,


Інжу-маржан көрсем екен көз жасын.


 


Махаббаттың өлшемі екен көз жасың,


Жаныңның бір бөлшегі екен көз жасың.


Сел боп аққан қасіреттен, қайғыдан,


Енді көрмей өлсем екен көз жасын!


 


Ағып түскен жасын екен көз жасың,


Асылдардың асылы екен көз жасың.


Тасқын сезім – көл, сел екен көз жасың,


Қашқын төзім, жол шегі екен көз жасың.


 


Махаббаттың өлшемі екен көз жасың,


Жаныңның бір бөлшегі екен көз жасың...





Пікір жазу