10.07.2023
105
Санағанмен де бізді аға...
Санағанмен де бізді аға,
Тұтатып отты тұр көзім.
Күйбектегені-ай қыз бала,
Түйнектегені-ау бір сезім.
Телмірдім аққу пішінге,
Жолықтым демей кеш неге.
Телегей ойдың ішінде,
Елемей қойдым ештеңе.
Мамырдың күні тәнті етті,
Оған да, маған тыныстай.
Қыраттан бір от жарқ етті,
Қынаптан шыққан қылыштай.
Пәктікті жан ба ем тілемес,
Алмадым бұл сәт неге еске?!
Қанжарың маған түк емес,
Жанжарым көзі емес пе?!
Болғанмен бір ой егеспек,
Деп: «Сенен қашан әл кетті?!»
Жанары жардың елестеп,
Жаңағы сезім жалп етті.
Санағанмен де бізді аға,
Сұлулық қуып жүр көзім.
Күйбектейді әлі қыз бала,
Түйнектейді әлі бір сезім...