10.07.2023
  61


Автор: Серікбай Оспанов

Көз жасыңа шомылдым, мұңға баттым...

Көз жасыңа шомылдым, мұңға баттым,


Жүрегіңнің үнін де тыңдап жаттым,


Бар әлемді түнертіп жібергендей,


Түйілгені кішкене бір қабақтың.


 


Ақылымнан сезімім алымдырақ,


Сезімімнен биіктеу Арым бірақ.


Үшеуімен іштей кіл арпалысып,


Жүрген жоқ па жүдеген жаным жылап.


 


Басымырақ түссе егер салмақты ойдан,


Жеңілтектік желпініп салмақшы ойран.


Тіршіліктің ырдуан арбасына


Аппақ арым, қайтейін, байлап қойған.


 


Жүрегім де, өзім де бұлқынғанмен,


Көз жасыңды сүртуге ұмтылғанмен,


Көрінбейтін жіпті үзіп жіберердей,


Келмей қойды-ау қолымнан бір күн


дәрмен...





Пікір жазу