10.07.2023
  70


Автор: Серікбай Оспанов

Көктем күліп көзіңнің қиығында...

Көктем күліп көзіңнің қиығында,


Қолаң шашың қол бұлғап иығыңда,


Бұлттан шыққан аппақ ай секілденіп,


Жолықтың-ау қырықтың қиырында...


 


Ақ қайыңдай ну орман ішіндегі,


Ақ періште секілді түсімдегі,


Кездестің де әкеттің аспандатып,


Қиял шіркін жерге бір түсірмеді.


 


Кәусар бұлақ – тап-таза күлкің қандай,


Ыдырады көңілде бұлтым қалмай.


Құлпырғандай дүние лебізіңнен,


Қарсы алдымда күн күліп, нұр тұрғандай.


 


Өзің болып көріндің көңіл кілтім,


Басқа күндер – тірлік қой...


Өмір – бұл күн!


Жүр екен-ау,


Жүр екен өлмей тірі


Уақыт-сұм жоғалтқан менің күлкім!


 


Жан-күйімді дәл қазір кім ұғынған,


Көз ала алмай қалдым-ау қылығыңнан.


Тағы да бұл түсім бе,


Өңім бе әлде,


Сипайыншы, қалқам-ай, бұрымыңнан!





Пікір жазу