10.07.2023
74
Ерке елігім
Жұрт көзінше күлімдейсің,
Көтеріп сен ел көңілін.
Мұңың барын білдірмейсің,
Бүгілмейсің, ерке елігім.
Жалғыз қалсаң жылап алып,
Өзегіңді өртеді мұң.
Көрсете алмай бір ағалық,
Жүрмін мен де, ерке елігім.
Қыз едің ғой, ерке елігім,
Жанарыңда күн ойнаған.
Бал дәуреннің келтелігін
Бала күнде кім ойлаған?
«Тәтті сонау қалды кезің», –
Десем, сезім көп алдапты –
Сақталыпты бар мінезің,
Еркелігің жоғалмапты.
Күт бақытты жаңа күннен,
Білем өткен оралмасын.
Серік болған бала күннен
Еркелігің жоғалмасын!