10.07.2023
66
Сәттеріміз екеуміз жеке қалған...
Сәттеріміз екеуміз жеке қалған,
Бүгін бақыт болғанмен, ертең – арман.
Ғұмыр қысқа екені бәріне аян,
Қызықтары одан да келте, қарғам.
Қиял, түске айналар бұл күн әлі,
Кеш жолықтық.
Енді оған кім кінәлі?!
Сезім – отқа қақталып жатыр денем,
Өзің жаққа жүрегім бұлқынады.
Бақыт – бұлақ, көргем жоқ қанып ішіп,
Өзің жаққа кеткендей жаным ұшып.
Жүрегімізді алған ба алмастырып,
Әуелде өзі табиғат жаңылысып?!
Аппақ жаның,
Алмайын дақ түсіріп.
Жарылқауда әр күнім сәтті шығып.
Ащысын көп татып ем бұл өмірдің,
Еркелетіп жүр неге тәтті ұсынып?!
Тәтті күндер кете ме ертең өтіп,
Аялап біз, айтармыз ертегі етіп.
Еркелете тұрайын сені әзірге,
Мені әзірге жүре тұр еркелетіп!