Әсер етпей қоймайды екен ақынға...
Әсер етпей қоймайды екен ақынға,
Көріктісің, байсың әрі ақылға.
Атың да ардақ, барлығынан биік тұр,
Тең келмейді жақұт, лағыл алтын да!
Салыстырар едім отпен, жалынмен,
Одан да сен асып түстің жаныңмен.
Аңсап жүрген айта алмаған әнім бе ең,
Маңдайыма қонбай жүрген бағым ба ең?!
Қайдан ғана саған душар болдым мен,
Адастырып әкететін жолым ба ең?!
Әлде арман ба ең, ақ сағым ба ең алдаған,
Біле алмадым, сыза алмадым көңілден.
Ақ мамықтай орап-қымтап алдың-ау,
Саған аппақ ұқсайды екен таң мынау.
Ұмтыламын, қолдан келер дәрмен жоқ,
Бұлқынамын, маған бұғау салдың-ау.
Оңым, солым көрінетін ап-анық,
Арман, жолым біраз жерге апарып
Қалған сәтте
Көрінбейтін жіппенен
Қалды қалай асау жүрек маталып?
Ақ шуағы ерітетін қырауды
Ақпанымда екіндіге күн ауды...
Басқасынан құтылғанмен,
Бұза алмай
Тұрмын, қалқа, жүректегі бұғауды!