10.07.2023
  79


Автор: Серікбай Оспанов

Жаным еді жасымнан ән-күй менің...

Жаным  еді  жасымнан  ән-күй  менің,


Өлең мен ән – көңілге бар түйгенімі


Елжіретіп барады


Тағы, тағы


Әнге салшы, әнші қыз, бантик ерін!


 


Әнге салшы, несіне тоқталасың,


Төк арманын,


Бабамның төк наласын!


«Әдемі-ау...» деп жұтынып, соза түссең,


Әдеміден де әдемі боп барасың.


 


Жүрегімді қаққандай ішек тербетсең,


Әнмен бірге барасың көкке өрлеп сен.


«Ахау, керім» – аспанда, жүрегімде,


«...Ризамын, жан қалқа, сертке жетсең...


 


Қиын-қыстау жерлерден аман өтсең...»


Үнің енді үздіккен қалар ма естен?!


Бантик    көрсем   ерніңді   елестетіп,


Сенің үнің деп жүрмін самалды ескен.


 


Алтыным-ай, әуезге қанбай қалып,


Таңырқаумен отырдым таңдай қағып.


Әсем әуен бір сәтке өзің болып,


Өзің, жаным, кеттің-ау әнге айналып.


 


Айналайын үніңнен, тамағыңнан,


Сенің үніңді іздеймін дала, қырдан.


Сағағынан іздеймін домбыраның,


Жаным балқып, жабырқап саламын ән!





Пікір жазу