10.07.2023
  134


Автор: Серікбай Оспанов

Сен екенсің сұлулық, сүйкімділік...

Сен екенсің сұлулық, сүйкімділік,


Мұңыңды да іштегі кей күн бүгіп,


Қарай   қалсаң,


Сипайды   жүрегімді


Жанарыңнан келіп бір сиқырлы үміт.


 


Сені ойламай өткізген күнім кенде,


Түсімдесің – көзім   сәл   ілінгенде.


Жүрегіңнің   лүпілі – әр   сөзіңде,


Бір жылылық байқаймын үніңнен де.


 


Жанартау жүр жаныңда әлі атылмай.


Атылмас ол бағыңда ән айтылмай.


Мен   қараймын


Алқымға  тығылған   сыр


Аузыңды  ашсаң көрініп  қалатындай.


 


Балаусадай бұралған балғын денең


Бір карекет күткендей әр күн менен.


Сен шығарсың бар болса бұл өмірде


Өмірімді  өзгертеп тағдыр деген?!


 


Қойғандайсың өзің бар асылымды ап,


Торғай – жүрек бұлқынды сан шырылдап.


Жанарыңның көрдім мен жарқылынан


Ойнап жүрген бір сырды жасырынбақ.


 


Бақытымның – қолыңда   кілті   нұрдың,


Әдемісі де өзіңде күлкі – гүлдің.


Тағы, міне, жатырмын ұйқтай алмай,


Арасында сен тұрсың кірпігімнің!





Пікір жазу