10.07.2023
92
Құлаққа әсем тау суының жыры кеп...
Құлаққа әсем тау суының жыры кеп,
Біз жарты күн ен жайлауда жүріп ек.
Енді қайта кездеспейді-ау деп едім,
Жолықтық-ау, кіп-кішкене құдірет.
Қалай келдің?!
Қарай бердім сүйініп,
Жүрегіме кетті нөсер құйылып.
Өр өзеннің иірімі секілді
Таудай мені бара жатсың үйіріп.
Қайта оралып келген шаттық шағым-ау,
Арман бұл күн,
Деп жүр едім сағым-ау...
Бақыттан ба,
Әсірелеу ағаңның
Басы айналып бара жатыр, жаным-ау.
Үніңді де ұқтым бақыт үні деп,
Ет - жүректі елжіретті жылы леп.
Құдірет бұл – махаббаттың оты ғой,
Сол махаббат – сенсің, құйттай құдірет!