Тосса тек сені алдан мұң...
Тосса тек сені алдан мұң,
Өмірдің мына сәні не?!
Жетегіне еріп арманның,
Жетемін дедім бәріне.
Кезім көп басты шайқаған,
Кетпеді бір жан көңілден.
Бірікпейді екен қайтадан,
Екіге алма бөлінген.
Моншақ болмайды жүзімнен,
Гауһардан пайда бар қанша?!
Жалғанбайды екен үзілген,
Түйіншек қалар жалғанса!
Не керек сөзді алтындап,
Шықпаса жарып жүректі.
Алдамшы екен жарқылдақ,
Түре алмаса егер түнекті.
Армансыз бірақ жүргеннен,
Армандап жүрген кезім көп.
Оңашада тек кім көрген,
Жарқ ете қалса көзімде от.
Маржандардан да қымбаттау,
Төгілсе мөлдір моншақтар.
Қапыда бүгін тіл қатты-ау
Өкінтіп жүрген сол шақтар...
Көгершін қолға қондырған
Жаз өткен, сыйлап күзімді.
Өртке орап жүрген сол бір жан
Жанардан жас боп үзілді.
Ыстық қой көзден тамған жас,
Өтті бір тіліп бетімді.
Аяулы жан сол армандас
Сілтенгеп қанжар секілді.
Осы қыз талай болған мұң,
Мені өкінтуге жаралған.
Көзінен бірақ сол жанның
Қол бұлғап кетті тағы арман!