Өкпелетіп алам ба...
Өкпелетіп алам ба?
Жасқанамын.
Мінезі бар ақында жас баланың.
Мұңға батсаң мұңайып, күлсең күлем,
Ауа райы өзіңнің қас-қабағың.
Өткен күндер өзіңмен ертек маған,
Ойламап ем жүрер деп жетекке адам...
Сәл реніш білдірсең жылап жаным,
Айтқаныңды екі етпей елпек қағам.
Тек өзіңе бастайды жыр-жолдарым,
Сен деп ойым – шулайды сырлы орманым.
Сезімге еріп барады төзім басып,
Өзімде ерік жоқ менің!
Кім болғаным?!
Көңілімде бір сұрақ – кім боп барам?!
Лебізіңнен бірде гүл, бірде от табам.
Кім боп қалам мен сенің жүрегіңде,
Сенсіз күліп шығатын күн жоқ маған!
Сені ойлаймын өзге ісім былай қалып,
Саған ғашық етті екен құдай нағып?!
Өзің егер қасымда болсаң, жаным,
Өтер еді мені кіл мұң айналып.
Шын сүйгендер бір-бірін құптайды, анық!
Жүрсің мені сен жиі ұқпай қалып.
Қазір енді еске алсам мұңға батам,
Менен солай өтіп жүр күлкі айналып...