Қос жанарда тұрғандай қос шам жанып...
Қос жанарда тұрғандай қос шам жанып,
Қарай берем тамашаға таң қалып.
Сен қарасаң сезім шіркін серпіліп,
Бүкіл әлем болып кетті жап-жарық.
Өзің жайлы ұйықтамаймын түс көрмей,
Қос жанардан болдым шарап ішкендей.
Қос жанарда жарқылдайды қос сәуле,
Қарақатқа күннің көзі түскендей.
Қарамауға, арбалмауға амал жоқ,
Жүрек тұсым шымыр етті – қадалды оқ!
Енді қалай шығар екем, жаным-ай,
Кірпіктерің қамап алды қамал боп.
Сен халықтың еркесісің, еркемсің,
Қарай берші, жаным мейлі өртенсін!
Қасың сенің – қарлығаштың қанаты,
Қағып-қағып ұшып кетер ме екенсің?!
Шаршап жүр ем, жібердің-ау сен демеп,
Өрге қайта үміт кетті өрмелеп.
Күлкің сенің иіріміндей өзеннің,
Екі беттің ұшында тұр дөңгелеп.
Қайта оралсын сонау жастық жылдарым,
Күлші, күлші, күлші тағы, күл жаным!
Қабағыңда – ән әуені ойнайды,
Жанарыңда шарпып мені тұр жалын!
Өмір – ағыс, ағыстарға қарсы жүз,
Өшпес мәңгі өнеріңнен қалсын із.
Ән елінің періштесі секілді
Әдемінің әдемісі, әнші қыз!