10.07.2023
118
Сейілте алмай буалдыр, бұлт-өмірді...
Сейілте алмай буалдыр, бұлт-өмірді,
Бұлдыратып жүруші ем бұл көңілді.
Сені көріп қайтадан сезім гүлдеп,
Жүрегімнің төріне нұр төгілді.
Байқамадың, әрине, бұл күйімді,
Бір ашылып, қабағың бір түйілді.
Жылап аққан жанымның жылғасының
Арнасынан тасыған жыр құйылды.
Жанарыңнан жаныма сыр құйылды,
Ішіңдегі сездім мен бір құйынды.
Белің әлі бесіктен шықпай жатып,
Төбеңе кім, жаным-ау, бұлт үйірді?!
Сол бұлттардың қолында қылышы бар,
Қылышы бар бұлттарды кім ысырар?
Ақын ағаң қолынан келетіні
Аңқылдаған өзіндей жыр ұсынар.
Бір қиялды жетелеп бір қиялым,
Бас көтерген сезімді сан тиямын.
Жүрегімнің төріне нұр төккен қыз,
Сенің қалай жаныңа нұр құямын?!