10.07.2023
  74


Автор: Серікбай Оспанов

Бар ма екен сезбес пенде...

Бар ма екен сезбес пенде


Жанардың   ұшқындарын?


Сенімен   кездескенде


Көзіммен   құштым,   жаным.


 


Көзіммен   «айналамын»,


Қасыңа   бара  алам  ба?


Көзіңмен    аймаладың,


Сен-дағы   қарағанда.


 


Түсіндім   бір   қарастан:


«Жанарың   неге   мұңды?


Өзіңнен   кім   бар   аскан,


Жаным-ау», – дегеніңді.


 


Жанарың – жасыл   әлем,


Шырайлым,   шұғылалым.


Жете алмай қасыңа мен,


Алыстан   жылынамын.


 


Көремін   жанарыңнан


Шапағын,   отын   күннің.


Көзің   мен   қабағыңнан


Мен бәрін  оқып жүрмін.


 


Жанарың   лапылдауда,


Көңіліңді   танытты,   еркем.


Болмайды   жақындауға,


Жанасың!


Жанып   кетем!





Пікір жазу