10.07.2023
  114


Автор: Серікбай Оспанов

Махаббат пен сыйластық бірге бізбен...

Махаббат пен сыйластық бірге бізбен,


Келеміз ата-баба жүрген ізбен.


Шайқалып шаңырағымыз көрген емес,


Суық жел соққанменен іргемізден.


 


Кім, сірә, мінезіңнен тапты кінә,


Қашан да шаттық қостың шаттығыма.


Пәктікпен жүрегіме нұр шашасың,


Теңдес жоқ арыңның да ақтығына.


 


Екіге ғұмыр бойы бөлінбейтін,


Біреу-ақ екеумізде көңіл дейтін.


Екеуміз екі дене болғанменен,


Тұтастық бар басқаға көрінбейтін.


 


Сен маған тудыратын жылы күнді,


Көрсетіп кейінгіге бүгін үлгі.


Сен ғана жалғыз менің құдіретім –


Мәңгіге ұзартатын ғұмырымды!





Пікір жазу