10.07.2023
67
Қазір ме әлде, мейлі, қайсы ғасырда
Қазір ме әлде, мейлі, қайсы ғасырда,
Кім қызықпас алтын менен асылға?!
Туған күнге шақырмадың ертерек,
Не он жеті,
Не от сегіз жасыңда.
Шын жылаймын,
Шын күлемін күлсем мен,
Бұл заманда өтірікке кім сенген?!
Ең болмаса хат жазар ем өлеңмен,
Егер бұрын барлығыңды білсем мен.
«Ертең менің туған күнім» дегенде,
Ток ұрғандай діріл тұрды денемде.
Сенің үйің маңайынан шықпас ем,
Бір ауылда туған болсақ егер де!
Бұл өкініш!
Орны қалай өтелсін?!
Махаббатым сені биік көтерсін!
Кемеліме келген кезде кезіктің,
Бұрынырақ жолықпаған екенсің?!
Әй, арман-ай...
Қалауынша туған кім,
Жанға жақын кіндік қанын жуған күн.
Шын махаббат құдіретін сездім де,
Бұл өмірде барлығыңа қуандым!