10.07.2023
  53


Автор: Серікбай Оспанов

Жас тамар қара бұлттан...

Жас тамар қара бұлттан,


Жас тамар ақ бұлттан да...


Жылаймыз балалықтан,


Қайғыдан,


Шаттықтан да!


 


Құрғамас көңіл көзі,


Жаныңнан жас тамады.


Әуелі өмір өзі


Жылаудан басталады.


 


Жылайды құрақ, тал да,


Ызғарлы жел өпкенде.


Ақ ерке бұлақтар да,


Әр түрлі себептерде.


 


Жылайды қарны ашқанда


Шыңғырып тілсіз бала.


Ақылмен арбасқанда


Жүректер үнсіз ғана...


 


Батқанда ел күйігі


Қалайша шыдайды, алла-ау?!


Өмірде ең қиыны –


Егіліп жылай алмау!


 


Кім қайғы сұрап алған,


Келеді арқалап таң.


...Жыласын жылаған жан


Шаттық пен махаббаттан!





Пікір жазу