10.07.2023
57
Ойым жоқ еді ұнасам деген...
Ойым жоқ еді ұнасам деген,
Жігіті бар ма –
Сұрасам деп ем.
Жанарынан бір жалын ұшты да,
Көз қадастым мен құдашамменен.
Кірпіктеріміз қағылмай қалды,
Қос жанарымыз лағылдай жанды.
Телмірген маған мөп-мөлдір әлем
Көз емес, жанған жалынға айналды.
Қарайды күліп, қабағын керіп,
Өрт болды денем, барамын ба еріп?!
Жұтына бердім шөлде қалғандай,
Қараған сайын қарағым келіп.
Жұта бердім мен тұп-тұнық сырдан,
Жүрегім-тұлпар бұлқынып тұрған.
Алаулап мынау жанған жалынға
Болар ма екен ұмтылып құрбан?!
Ең, ең бақытты бұл күнім дедім,
Бір мұңайдым да, бір күлімдедім.
Дір-дір етті ғой кірпігі қыздың,
Дір-дір еткенде кірпігім менің.
Қос жанар неткен құдіретті еді,
Жазулы онда сыр жүректегі!
Дір-дір еткені кірпігіміздің –
Жүрегіміздің дір-дір еткені!