10.07.2023
  55


Автор: Серікбай Оспанов

Келді тағы жақсы күн...

Келді тағы жақсы күн,


Шашуыңды шаш бүгін!


Уылжыған уыз күн –


Қайта оралған жастығың!


 


Көктем қызыл-жасылды,


Шуақ-күлкі шашылды.


Самал өбіп бетіңді,


Күн сыйпады шашыңды.


 


Нұр құйылды көк белге,


Өкінбе енді өткенге!


Көктемдей боп жүруші ең,


Туыпсың-ау көктемде!


 


Таң арайлы,


Жылынды,


Аралайды қырымды.


Шуақ күнге ұласып,


Қуалайды мұңыңды.


 


Гүлдер от боп жанады,


Күндер шоқ боп барады...


Көктемде бұл туғандар


Көктемдей боп қалады.


 


Көктем жиі келсінші,


Құшағыңа енсінші!


Күлкі болып көзіңде


Ойнап жүре берсінші!





Пікір жазу