09.07.2023
82
Мен ынтықпын тұрпатыңа, тұлғаңа...
Мен ынтықпын тұрпатыңа, тұлғаңа,
Жарқыл қағып жанарыңда нұр ғана,
Жалт қараған сәттеріңде ғажайып
Көгорайсың,
Нұрға орайсың, Гүлзада!
Сүрінбеген өзің талай сында да,
Маған арман бірге шығу шыңға да.
Әлсіретсе әділетсіз тағдырым,
Шуақ сыйлап,
Қуат бердің, Гүлзада!
Уәдеге, берік жансың сырға да,
Берер әлі саған алғы күн баға!
Самал болсам, құшағыма еніп сен,
Дауыл болсам, тына қалдың Гүлзада!
Арнасы бір айналдық бір жылғаға,
Айналармыз әнге де біз, жырға да.
Күн-көзің бар, мінезің бар ақ жібек,
Сол жібекке орап алдың, Гүлзада!