09.07.2023
  100


Автор: Серікбай Оспанов

Сенің күлкің әрі – нұр, әрі – бұлақ...

Сенің күлкің әрі – нұр, әрі – бұлақ,


Есімді кіл алады бәріне ұнап.


Күлші!


Күлші!


Қайғыдан көзің жасы


Жанарыңнан барады тағы құлап.


 


Күлші!


Күлші!


Тежемей, анығырақ,


Бұл дүние болады жарығырақ.


Күлші!


Күлші!


Қарамай мұң-қайғыға,


Өксітті ғой өмірді бәрі жылап.


 


Сенің күлкің мөп-мөлдір, тұнық әрі,


Жылынады тыңдаған, құнығады.


Сенің күлкің – еркіндік, ерке құлын,


Жүген, ноқта,


Түспеген құрық әлі!


 


Тыңдап,


Жырлап күлкіңді жүрмін күнде,


Бір күлгенің татиды мың-мың гүлге!


Өтірік, өсек қаптаған бұл әлемде


Не жетеді шын жылап, шын күлгенге!


 


Домбыраның ішегі – сенің күлкің,


Күйім!


Әнім!


Сиқырлы көңіл кілтім!


Сенің күлкің алатын ажыратып


Жағама кеп жармасса өлім бір күн!





Пікір жазу