09.07.2023
  119


Автор: Серікбай Оспанов

Саған сенем...

Саған сенем!


Түсінеді басқа кім?!


Шын сүйгенге – түсінісу қас қағым...


Өткеніме өткел де жоқ,


Өкінбей


Сен келгелі қайта өмірді бастадым.


 


Сенің үнің,


Сенің демің жетелеп,


Баладайын алам кейде еркелеп.


Іштей налып отырамын, армандап,


Жолықпаған екенбіз деп ертерек.


 


Көтеріліп құлап қалған Туларым,


Енді ғана басталғандай думаным.


Жастық шақта кездеспесек,


Кінәлі –


Сенің сәл-пәл менен кештеу туғаның.


 


Мұң-қайғы емес,


Ой емес қой бұл ауыр,


Екеуміздің ауылымыз бір ауыл.


Екеуміздің жүрегіміз бір жүрек,


Екеуміздің бауырымыз да бір бауыр!


 


«Біргеміз ғой»...


Баладайын алданып,


Әр сөзіңе жүрем балқып, арбалып.


Мінезіңмен


Тартқан қара көлеңке


Көңіліме жүрсің күнде шам жағып.


 


Пәктігіңе,


Бақ-күніме таң қалып,


Өлең жазам жатпай енді жан бағып.


Қара дейді,


Сен келгелі, қара қыз,


Бар маңайым болып кетті жап-жарық!





Пікір жазу