07.07.2023
133
Деп жүрген ел-жұртым бар...
Деп жүрген ел-жұртым бар,
Арман қуған жан ем бір.
Бір күн ащы, бір күн бал,
Не боп кетті әлем бұл?!
Бір түсінсе мұңымды
Сен түсінер деп едім.
Сенім гүлі жұлынды,
Табылмады керегім.
Жеткізбеді арманым,
Созғаныммен қолымды.
Өзің едің ардағым,
Өзің кестің жолымды.
Алдымдағы жарық ең,
Неге сөне бересің?
Жарға соқтым тағы мен
Махаббаттың кемесін.
Мұңдасамын ән-күймен,
Сырласамын өлеңмен.
Қанат күйген, жан күйген,
Енді кімге сенем мен?!
Болар қазір кім үлгі,
Кешегі ізгі жол қалды.
Шағам кімге мұңымды,
Табам кімнен қорғанды?!
Қиялдаймын кетуді,
Қия алмаймын, тәтті өмір!
Бағалап жүр ел қуды,
Болдым неге ақ көңіл?!
Көргем қисық жолды көп,
Тағы, міне, құладым.
Қайтейін,
«О, сорлы!» – деп,
Өзіме ұрсып тынамын!